Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы ТЖД-нің Апат тәуекелдерін төмендету және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Талғат Дүйсебаев онлайн брифинг барысында жеке секторда өртке қарсы қауіпсіздікті бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
Оның айтуынша, биылғы жылыту кезінде, яғни қыркүйек айынан бері қала бойынша 7 адам табиғи газдан уланған, оның үшеуі бала. Сондай-ақ, 4 адам қатты отыннан уланған, оның екеуі бала.
Осы жылғы жылыту маусымына дайындық барысында аудандық әкімдіктермен бірлесіп үй тізімі жасақталды. Қазір қалада 145 471 үй бар. Әлеуметтік осал топқа жататын 945 жеке үй жеке топқа бөлінді. Оның ішінде 605 үй қатты отынмен жылытылады. Карантин енгізілуіне байланысты ТЖД-ді үйге профилактикалық жұмыстар жүргізу тәсілдерін қайта қарастырып жатыр, - дейді ол.
Сонымен қатар ол былтыр жылу беру кезеңінде Алматы қаласының жеке тұрғын үй секторында 260 өрт болғанын, салдарынан 113 үй мен 30 адам зардап шеккенін жеткізді.
Зардап шеккендердің 23-і жеке тұрғын үйдің, 7-уі көпқабатты үйдің тұрғындары. Зардап шегуге әкелген себептер әр алуан. Мәселен, отқа ұқыпсыз қараудан – 12 адам, электр сымдарының тұйықталуынан – 10 адам, өрттен -1 адам зардап шеккен, - деді Дүйсебаев.
Сөз арасында ол Алматы қаласы ТЖД жылу беру кезеңінде өрттен және көміртегі тұтығынан адамдардың қайтыс болуын азайту мақсатында кешенді шаралар жүргізіп жатқанын айтты.