Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл мегаполисте ұзындығы 221 шақырым болатын 224 көше жолдарына орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов мәлім айтты.
Алматы қаласында көше-жол желісінің ұзындығы – 3096 шақырым, оның 234 шақырымында қатты жабын жоқ. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесінің көрсеткішін 95%-ға дейін жақсарту үшін 2025 жылға қарай 234 км жаңа жол салу, ұзындығы кемінде 200 км жолдарға жыл сайын орташа жөндеу және қаланың барлық көше-жол желісін қамти отырып, 350 мың шаршы метр асфальтбетон жабынына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.
Ғани Мырзаханов қазіргі уақытта қаланың «Алғабас», «Әлмерек» және «Қайрат» шағын аудандарында жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, «Ақжар» шағын ауданында ұзындығы 48 км жаңа жолдардың құрылысы басталды. «Қайрат» және «Әлмерек» шағын аудандары бойынша жұмыстар Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасымен келісе отырып, инженерлік желілер құрылысының аяқталуына қарай жүргізілуде.
«Алғабас» шағын ауданы бойынша жұмыстар ағымдағы айдың соңына дейін жалғасады, жыл соңына дейін тағы 9 км жол салу жоспарланған. Жол жұмыстары энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасымен үйлестіре отырып, инженерлік желілер құрылысының аяқталуына қарай орындалып жатыр, – деді ол.
Спикердің айтуынша, мегаполисте биыл ұзындығы 221 км болатын 224 көшеге, оның ішінде ұзындығы 56,9 км болатын қаланың 19 магистральды көшесіне орташа жөндеу жүргізілмек.
Сондай-ақ «Ақбұлақ», «Дархан», «Қарасу», «Тастыбұлақ», «Шұғыла» шағын аудандардағы жолдар жөнделеді. Орташа жол жөндеу жұмыстарына шамамен 16 млрд теңге жұмсалмақ, – деді Ғани Мырзаханов.