Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда жол-көлік оқиғасы 27,8%-ға төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов онлайн брифинг барысында айтты.
Он айдың қорытындысы бойынша, Алматыдағы жол көлік оқиғалары анағұрлым төмендеді. Мәселен жол көлік оқиғасы салдарынан зардап шегу 35,0%-ға, қаза тапқандар саны 48,6%, жарақат алу 36,4%, балалардың қатысуымен болатын апаттар 43,4%-ға қысқарды, - дейді Таймерденов.
Сонымен қатар, ол қалалык әкімдікпен бірлесе отырып жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында қала аумағында жол жүру және жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп бекітілгенін жеткізді.
Аталған жоспардың жүзеге асуы көлік нөпірінің өтімділігін 25-30% арттырса, 15-20% жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, экологиялық жағдайдың 10% жақсаруына септігін тигізеді. Сонымен қатар, қалада 414 «Сергек» бекеті, яғни 2050 бейнекамерасы орнатылса, жыл соңына дейін қосымша тағы да 362 камералық бекет орнату жоспарлануда, - деді ол.