Алматыда жастар шағын несиесіне 4,8 млрд теңге бөлінді

26 Сәуір 2023, 18:44
970
Бөлісу:
Алматыда жастар шағын несиесіне 4,8 млрд теңге бөлінді

Шағын несиелеу конкурстық негізде 21 мен 35 жасқа дейінгі жастар арасында жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл жөнінде толығырақ Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Аграрлық несие корпорациясының» Алматы қаласы бойынша филиалының өкілдері хабарлады.

Жас кәсіпкерлер бизнес жобаларын 2,5% төмен пайызбен жүзеге асыра алатын болады.

Бұл бағдарлама бойынша республикаға 28,9 млрд теңге бөлінді, оның 4,8 млрд теңгесі Алматы жастарына бөлінді. Бұл мыңға жуық кәсіпкерлер мен жастар. Алматы қаласы бойынша 200 кәсіпкер мен жастарға кеңес беріліп, 20 кәсіпкердің өтініші қабылданды, оның төртеуі комиссия қарауына жіберілді, - деді Алматы қаласы бойынша филиал директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Әйкен Сейтқас.

Спикердің айтуынша, өтініш берер сәтте жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Бағдарламаға жұмысшы жастардың өкілдері де қатыса алады.

Шағын несиенің көлемі 5 млн теңгеге дейін бекітілген, мал шаруашылығы жобалары үшін өтеу мерзімі - 7 жылға дейін, ал бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.

Міндетті шарт – кепіл мүліктің болуы. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде үшінші тұлғаларды тартуға болады болады (ата-ана, туыс және т.б.).

Несие беру туралы шешімді қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына қалалық Мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, бизнес-қоғамдастықтардың және БАҚ өкілдері кіреді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырысында ұсынып, олардың арасынан ең перспективалысын комиссия таңдайды. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек. Бұл ретте тұрғын үйлерді, жер учаскелерін, бағалы қағаздарды сатып алуға және жөндеуге, қару-жарақ, есірткі және басқа да мүлікті өндіру мен сатып алуға несие беруге тыйым салынады, - деп түйіндеді сөзін Сейітқас.

Қажетті құжаттар тізімі:

1. жеке басын куәландыратын құжат;

2. жоба бойынша бизнес-жоспар;

3. қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтамалар;

4. қаржы ұйымдарынан (несие болған кезде) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар;

5. қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме);

6. кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;

7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Өтініш беру үшін Алматы қаласы Сәтпаев, 5 көшесінде орналасқан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына құжаттарды тапсыру қажет. Шағын несиелеу бойынша толық ақпаратты корпорацияның agrocredit.kz сайтынан білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы