Алматыда жасөспірімдер мектептегі төбелестерді видеоға түсіріп, TikTok-қа жүктеген

Ата-ананың айтуынша, жанжалды бастаушылардың бірі деп есептелетін 7-сынып оқушысы басқа балаларға әлі де агрессия көрсетуде.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Кеше 2026, 14:47
Кеше 2026, 14:47
303
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматы мектептерінің бірінде жасөспірімдер агрессиясына қатысты дау шықты. Оқушылардың ата-аналары зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеп кеткенін айтып, оқу орнының басшылығы дер кезінде тиісті шара қолданбады деп мәлімдеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желілерде Алматы мектептерінің біріндегі жасөспірімдер төбелесі түсірілген видео жарияланды. Оқушылардың бірінің анасы бұл білім ордасының қабырғасында мұндай қақтығыстар жиі болып тұратынын алға тартқан.

Әйелдің айтуынша, қыркүйек айында оның ұлдарына бір топ жасөспірім шабуыл жасаған. Ол жағдайды анықтауды талап етіп әкімшілікке жүгінгенін, бірақ оның сөзінше, мектеп тарапынан тиісті реакция болмағанын атап өтті.

Ата-ананың айтуынша, жанжалды бастаушылардың бірі деп есептелетін 7-сынып оқушысы басқа балаларға әлі де агрессия көрсетіп жүр. Әйелдің  наразылығын тудырған жайт - төбелестердің видеоға түсіріліп, TikTok желісінде таралуы.

Оқушылардың ата-аналары ішкі тексеріс жүргізуді және буллинг пен қол жұмсауға кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды талап етті. Сондай-ақ, олар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қалалық білім басқармасы мен басқа да құзырлы органдардың араласуынан үміттеніп отыр.

Оқиғаны қалалық полиция растады. 

Аталған дерек бойынша Наурызбай аудандық Полиция басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды. Қақтығысқа қатысқан кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар мектепішілік профилактикалық есепке қойылды. Сондай-ақ материалдар қосымша тәрбиелік және алдын алу шараларын қабылдау үшін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жолданды. Жасөспірімдермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, - деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Наверх