Алматы полициясы дін бірлестіктерінің қызметіне байланысты жарияланым астында жарылыс жасауға қатысты қорқыту сипатындағы пікір қалдырған 19 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«102» пультіне хабар түскен соң қалалық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "жарылыс жасаймын" деп жазған автордың кім екенін жедел анықтады. Алматы қаласының 2004 жылғы тұрғыны болған жас жігіт полицияға жеткізілді.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Даулетияров интернетте қалдырылған кез келген қорқыту хабарламалары қоғамдық қауіпсіздік үшін нақты қауіп ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Мұндай “қалжыңдар” ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Әр хабарлама тексеріледі, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деді ол.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде жауапкершілік танытып, қорқыту немесе заңға қарсы мазмұндағы хабарламаларды жарияламауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда "отбасыңа қауіп төнеді" деп 700 мың доллар бопсалаған күдікті ұсталғанын хабарладық.