Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілішісі.
Алматыда орта білім беретін 301 мектеп бар. Оның 210-ы – мемлекеттік, 91-і – жекеменшік. Жаңа оқу жылында 290 мыңнан астам оқушы білім алады.
Биыл мектеп формасы және кеңсе тауарларын алуға 43 000 теңге бөлінді, оның 35 000 теңгесі – мектеп формасына, 8 000 теңгесі – мектепке қажетті құрал-жабдықтарға. Көмекпен 19 701 бала қамтылды, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 847 миллион теңге бөлінді. Төлемдер ата-аналардың есеп карталарына 100% қаражат аудару арқылы жүзеге асырылды. Акция аясында демеушілер халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға 5,6 мыңнан астам мектеп формасы мен мектеп керек-жарақтары бар рюкзактар сыйға тартты. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады, – деді Айдын Сайлаубай Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Оның сөзінше, жергілікті бюджеттен оқулықтар мен көркем әдебиетті сатып алуға 3 млрд 263 млн 457 мың теңге бөлінген. Биыл 2-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. 1-11 сынып оқушылары 25 тамызға дейін 100% тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылында 300 млн теңге сомасына көркем әдебиет кітаптары және 37,1 млн теңгеге интеллектісі бұзылған арнайы мектептерге арналған оқулықтар, соқыр балаларға арналған рельефті-нүктелі Брайль қарпіндегі оқулықтар және нашар көретін балаларға арналған ірілендірілген қаріп оқулықтары сатып алынады.
Дұрыс тамақтану балалар денсаулығының кепілі болғандықтан 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен жыл соңына дейін 5,3 млрд теңге бөлінді. Шамамен 140 мың бала қамтылады, – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.
Еске сала кетсек, жаңа оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Алматыдағы барлық мектеп бес күндік оқуға көшеді.