Алматы, BAQ.KZ. Сотталушы клиенттерге бұрын жасалған жалған электрондық жолдамалардың түбіртектерін сатып, жеті миллион теңгеден аса пайда тапқан.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында алаяқтық бойынша қылмыстық іс қаралды. 2019 жылдың қазан айында жәбірленуші «Ж» сотталушы «К»-ға туристік компанияның директоры ретінде, туристік жолдамаларды сатып алу мәселесі бойынша жүгінген. Осы кезде сотталушы жәбірленушіні алдай отырып, бұрын жасалған жалған электрондық жолдамалардың түбіртектерін ұсынып, туристік жолдаманы ұсыну сылтауымен алаяқтық жасаған, - делінген хабарламада.
Жәбірленушіге ірі мөлшерде жалпы сомасы 7 194 095 теңге материалдық залал келтірген.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеумен, оған 3 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалды.