Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының тұрғыны 2 млрд теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған, деп хабарлайды 24.кz.
Енді 2 жыл, 6 айға түрмеде отырады. Ол өзіне тиесілі компания арқылы басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арасында түрлі сауда-саттық жасалды деп 2 млрд теңгеге жалған есепшот жасаған. Және де сол компаниялардың салықтан жалтаруына көмектескен. Кәсіпкер жалған бухгалтерлік құжат арқылы есепшотты екінші деңгейлі банктерден қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Бұл азаматқа қатысты қазіргі таңда Алмалы ауданы сотының үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 216-бабы, яғни жалған шот-фактураларды жасау бабымен кінәлі деп табылып, бұл азамат 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Және 10 жыл бойы осындай коммерциялық немесе экономика саласында қандай да бір қызметпен айналысуға оған шектеу қойылды. Жалпы жыл басынан бері 63 қылмыстық іс тіркелген болатын. Оның 8 ісі сотқа жолданды, - деп мәлімдеді экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.