Алматы, BAQ.KZ. Алматы хостелдерінің бірінде жұмыс істейтін Мариям Жұманова 7 сәуір күнінен бері табылмай жатыр. Бұл туралы НеМолчи қозғалысының басшысы Дина Смаилова Facebook парақшасында жазды.
#НеМолчиKZ сенім телефонына 1985 жылы туған Мариям Жұманованың туысы хабарласып, оның 7 сәуірден бері табылмай жатқанын айтты. Қапшағай қаласында тұратын Мариям Алматыдағы хостелдің бірінде жұмыс істейді. Сол күні ол жұмыстан шығып, Қарасай ауданы Теректі ауылындағы жеңгесіне бармақ болған. Алайда оны блок-бекеттен өткізбеген. Ол уатсап арқылы жеңгесімен сөйлескенде телефонының қуаты отырып жатқанын айтқан. 40 минут өткен соң жеңгесі ол күтіп тұрамын деген блок-бекетке келіп, оны таба алмаған. Посттағы кезекшіден сұрағанда ол ұлты түрік ер адаммен кетіп қалғанын айтқан. "Бекеттен неге өткізбейсің" деп шу шығарған әйелді сонда тұрған кезекші видеоға түсіріп алған екен. Туысы оны бірден таныпты, бұл шамамен сағат 16.00 кезінде болған, - деп жазды Смаилова.Жоғалған әйелдің бойы 1,50 м, салмағы 50-55 кг. Шашы қысқа, қара түсті. Үстіне қара түсті теріден жасалған күртеше киген.
Жеті баланың анасын табуға көмектесіңіздер. Блок-бекетте тұрғандар ол жерде халықты тасымалдаумен айналысатындардың барлығын біледі. Қарасай ауданының полициясы бұл әйелді неге іздемей отыр? Одан бері бір апта өтті неліктен іздеу салынбады?,-дейді қоғам белсендісі.
Суретте көрсетілген әйелді көргендер болса мына телефон нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз: +77780958383, +77759132027.