Германия мен Бельгияның әскери сарапшылар тобы Райымбек батыр атындағы Алматы десанттық-шабуылдау бригадасына инспекция жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталмыш шаралар сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары бойынша 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде жүзеге асырылды.
ҚР Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының еуропалық және стратегиялық қауіпсіздік шарттары мен келісімдерін іске асыру бөлімінің бастығы подполковник Арнұр Ақжігітов Қазақстан қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылға қашанда белсенді және дәйекті түрде қатысатынын және солай болып қала беретінін атап өтті.
Брифинг барысында әскери бөлімнің командирі подполковник Данияр Карманов бригаданың құрылу тарихы, оның міндеттері, мақсаты мен құрамы туралы айтып берді.
Шетелдік сарапшылар барлық санаттағы әскери қызметшілерді парашютпен секіруге қалай дайындайтынын, қару-жарақ пен жүктерді десанттауды қалай іске асыратынын көріп, қалалық жерлерде ұрыс жүргізуді үйрету үдерісімен танысты.
Әскери бөлімнің аумағын тексеру жауынгерлік техниканы, спорт кешенін көрсетуден басталды. Шетелдік делегация өкілдеріне жауынгерлік машиналар паркі, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу шеберханалары, оқу сыныптары, әуе-десанттық дайындық кешені және әскери қызметшілерді қалалық жағдайларда іс-қимылға үйретуге арналған тактикалық қалашық көрсетілді.
Одан өзге шетелдік өкілдер казармаға, әскери бөлімнің асханасына және жауынгерлік даңқ мұражайына барып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Кездесу соңында әскери инспекторлар Қазақстанның қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерді адал орындайтынын растады.