Алматыда үш автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды

12 Желтоқсан 2023, 11:28
570
Бөлісу:
Алматыда үш автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов - архив

Жол-көлік оқиғасы Алмалы ауданында орын алған. Алматы қаласының полиция департаменті жол апатынан автобус жүргізушісінің зардап шеккенін мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Оқиға куәгерлері бейнероликті әлеуметтік желілерге жариялаған. 

11 желтоқсанда кешке Райымбек даңғылымен шығыс бағытқа жүріп келе жатқан автобустың 1965 жылы туған жүргізушісі Тілендиев көшесінің қиылысында қашықтықты сақтамағандықтан, жолда келе жатқан және қиылыста тұрған екі автобуспен соқтығысқан. Қазіргі уақытта автобус жүргізушісі медициналық көмекке жүгінген. Ал жолаушылардың жағдайы жақсы. Аталған факт бойынша Алмалы аудандық полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр, – дейді Алматы ПД баспасөз қызметі.

Бүгін Алматыда таңертеңнен бері 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осыған қатысты Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады. Ауа райының нашарлауына байланысты алматылық тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақыруда.

Бұл үндеу негізінен көлік құралдарын басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін танытуға және мұқият болуға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті және қала жолдарында қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі, - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шумаев.

Алматы қаласы ЖПҚБ жедел басқару орталығының кезекші бөлімінің мәліметінше, 11 желтоқсан сағат 20.00-ден 12 желтоқсан таңғы сағат 06.00 аралығында қалада 33 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 4-еуінде жарақат алғандар бар. Қаза тапқандар жоқ.

Ауа райы жағдайының нашарлауына және қар түріндегі жауын-шашынға, ауа температурасының нөлдік деңгейге дейін төмендеуіне байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелеріне көліктерінің дөңгелектерін қысқы дөңгелекке ауыстыруды ұсынамыз, – деді Шумаев.

Өзгелердің жаңалығы