"Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі" КММ №4 кітапхана-бөлімшесінде "Ұлы Жеңіске – мәңгілік тағзым!" атты тарихи реквием ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оқу залында арнайы "Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс" атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған ақпараттық шолу жасалды.
Кітапхана жетекшісі Әлия Іңкәрбек шараның мақсаты мен міндеттерін таныстырып, іс-шара қатысушыларына алғыс білдірді.

Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, батыр бабаларымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздегі бейбітшілік пен достықтың салтанат құруы да – осы мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Бұл мерекелік іс-шараның мақсаты: жалындаған жастық шақтарын аямай, Отан үшін от кешкен, ғұмырларын ерлік пен өрлікке, қайсарлыққа арнаған батырларымызды ерен ерліктеріне, қайсар рухына бас иіп, құрмет көрсету, Жеңісті дәріптеу, жастарды Отанын, елін қорғай білуге, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, - деді Әлия Іңкәрбек.

Іс-шараға Алмалы ауданы Ардагерлер Кеңесінің мүшелері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Шақырылған қонақтар бүгінгі жас ұрпақпен отты жылдар шежіресі, аты аңызға айналған қаһармандар және тарих аренасынан орын алған тағы бір зұлмат соғыстар: 1969 жылғы Приморье өлкесінің шекарасында болған Даманск соғысы, 1979 жылғы Ауған соғысы туралы ой бөлісті.

Экран арқылы "Отты жылдар елесі" атты тарихи-танымдық ойын-викторинаға қатысып, жеңімпаздар құнды кітаптармен марапатталды.
