Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда тұрғын үйге сұраныс күрт төмендеді

Нұрқанат Атажан
12 Қараша 2025, 10:46
274
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  -архив
Фото: Артём Чурсинов -архив

Алматыда бір айда 7 868 тұрғын үй сату-сатып алу мәмілесі рәсімделді – бұл қыркүйек айымен салыстырғанда бірден 11,2%-ға аз. Сұраныстың төмендеуі мегаполистегі пәтер бағасының күрт өсуімен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қыркүйектің қорытындысы бойынша бастапқы нарықтағы баға бір айда 1%-ға, ал қайталама нарықтағы баға 0,9%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Алматыда байқалды, 2,9% және 2,1%-ға.

Алайда бағаның көтерілуіне қарамастан, мегаполистегі тұрғын үй нарығы айтарлықтай баяулады. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Алматыда 7 868 сату-сатып алу мәмілесі тіркелген, бұл қыркүйекпен салыстырғанда 11,2%-ға төмен көрсеткіш.

Қазақстан бойынша орта есеппен тұрғын үйге сұраныс айына небәрі 0,1%-ға азайып, 41 259 мәміле деңгейінде қалыптасты.

Алматыдан бөлек, сату көрсеткіштері Абай облысында 4,1%-ға (921 мәміле), Ақтөбе облысында 5,2%-ға (1 470 мәміле), ал Қызылорда облысында бірден 28,4%-ға (559 мәміле) қысқарды.

Ал, Астанада керісінше сұраныс айына 3,5%-ға өсіп, 8 945 мәмілеге жетті, Шымкентте де 7,7%-ға артып, 1 866 мәміле тіркелді.

Қазанда қазақстандықтар ең жиі 2 бөлмелі (12 399 мәміле) және 1 бөлмелі (12 351 мәміле) пәтерлерді сатып алған. Үш бөлмелі пәтерлерге 6 308 мәміле, ал төрт бөлмелі пәтерлерге небәрі 121 мәміле жасалған. Сонымен қатар 8 717 жеке тұрғын үй сатып алынған.

Жалпы алғанда айлық төмендеуге қарамастан, тұрғын үй сату көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4%-ға жоғары. Ең үлкен өсім Астанада (27,9%), ал ең айқын төмендеу Ұлытау облысында (минус 38%) тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы