Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол-көлік апаты салдарынан полиция қызметтік көлігінің жүргізушісі екі аяғынан жарақат алып, ауруханаға жедел жатқызылды.
Бүгін сағат 15.00 шамасында Алматының Алатау ауданында Toyota автокөлігі блок-бекеттің бірін қағып өтті, деп хабарлады Polisia.kz.
Белгілі болғандай, 1970 жылғы А. есімді Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылының тұрғыны "Тойота Ипсум" автокөлігін басқарып келе жатып, солтүстік бағыттағы Жаңа ғасыр көшесінде орналасқан №4 блок-бекетіне келіп соқтығысқан. Көлікті сол күйі тоқтатпаған жүргізуші жолда тұрған «Kia», «Lada Priora» және «Toyota Camry» полиция көліктеріне келіп соғылған.
Жол-көлік апаты салдарынан полиция қызметтік көлігінің жүргізушісі Мереке Отарғазы екі аяғынан жарақат алып, ауруханаға жедел жатқызылды.
Болжам бойынша, минивен жүргізушісі ішімдік ішкен. Қазір алкоголь немесе есірткінің бар-жоғына қатысты медициналық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бекетте бірнеше адам болған, қуанышымызға орай, олардың ешбірі зардап шекпеді. Бұл жерде бірнеше мекеменің өкілдері қызмет етуде, - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстарын Алматы облысы ЖП қызметкерлері аумақтылығы бойынша жүзеге асырады.