Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Қорғаныс министрліктерінің және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесі хатшылығының өкілдері қатысты.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған шара Бітімгершілік дайындық орталығының базасында өтті. Отырыс барысында жауынгерлік даярлықтың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жауынгерлік даярлығын ұйымдастыру туралы генерал-майор Дәулет Оспанов таныстырды.
Жиында Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріндегі жауынгерлік даярлық жоғары қарқындылық дәрежесімен жүргізілетіні және әскерлерді қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге сәйкес оқытуға бағытталғаны атап өтілді. Жауынгерлік даярлық органдары әскери қызметшілерді оқыту практикасына озық тәжірибені зерделеу, жинақтау және енгізуде тұрақты және мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Сонымен бірге ТМД елдері Қарулы күштері әскери басқару органдарының жауынгерлік даярлық пен далалық дағдыға жауап беретін басшылық құрамы үшін Алматы облысының «Іле» оқу орталығында көрнекі сабақтар ұйымдастырылды.
Бұдан өзге, әртүрлі атыс қаруларынан практикалық жаттығуларды орындаудан жарыстар өткізілді.