21-22 желтоқсанда Алматы қаласы әкімінің кубогына робототехника және инновациялық технологиялар бойынша VII ашық чемпионат өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мақсаты – балалар мен жастардың инновациялар мен инженерлік әзірлемелер саласына қызығушылығын ынталандыру, ІТ-құзыреттіліктерді дамыту және насихаттау, балалар мен жастар арасындағы таланттарды анықтау және қолдау.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 7-22 жас аралығындағы 700-ден астам команда қатысады. Қатысушылар «Инженерлік жобалар»; «Бағдарламалау»; «ІТ-дегі бизнес»; «3D-модельдеу»; «Роботтар жарысы» (VEX, сумо, желі, кегельринг) санаттарында жарысады.
TechCup мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпкерлерді, ата-аналарды, сонымен бірге, білім беру идеялары мен жобаларының авторларын біріктіреді.
Чемпионаттың жүлде қоры – 4 млн теңге. Республиканың жетекші жоғары оқу орындары чемпионат жеңімпаздары (мектеп түлектері) үшін 2023 жылға арналған 15 білім грантын бөледі.