Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы шетелдік туристер осы күзден бастап «Tax free» жүйесінің қызығын көре бастайды. “Global blue” компаниясымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «Tax free» жүйесін Қазақстанға енгізудің жобасы әзірленді.
ҚР қаржы министрінің бұйрығымен осы жылдың 15 тамызынан бастап жоба заңды күшіне енді. Салықты қайтару жүйесі бір жарым айдан кейін «Есентай молл» сауда орталығында іске қосылмақ. Яғни, осы күзден бастап Алматыға қыдырып келген туристер «Tax free» жүйесі бойынша брендтік тауарларға қол жеткізе алады.
Естеріңізге сала кетсек, туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекетттік бағдарламаның аясында «Tax free» жүйесін әуелде 2022 жылдан кейін енгізу көзделген еді. Алайда, «Kazakh Tourism» ҰК» АО жанынан құрылған Жобалау кеңсесінің тікелей араласуымен қанатқақты жоба белгіленген мерзімнен бұрын іске қосылатын болды.
«Tax free» жүйесі Алматыдағы шетелдік туристер санын жылына 25 мыңға ұлғайтуға сеп болмақ. Олар өз кезегінде брендтік тауар үшін 1 мыңнан 10 мың долларға дейін қаржы жұмсайды деп жоспарланып отыр. Сауда-саттықтан бөлек, туристер алдымен Қазақстанға сапарлату үшін жол-пұлы мен тұратын орынға, сондай-ақ өзге де туристтік қызметтерге қосымша қаражат құятыны белгілі.
Қанатқақты жоба оң нәтиже берген жағдайда «Tax free» жүйесі Қазақстанның өзге де өңірлерінде іске қосылады. Осылайша, Қазақстанды Орталық Азиядағы шоппинг-туризмнің орталығына айналдыру көзделіп отыр. Шетелдік туроператорлар салық соммасын қайтарудың жүйесі енгізілмеген елдерге туристтік бағыттарды жасамайтыны анық. Сондықтан, Қазақстан бұл мүмкіндікті тиімді қолдануға мүдделі.
Салықты қайтару жүйесі туризм дамыған мемлекеттерде жақсы жолға қойылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, «Tax free» жүйесін енгізгеннен кейін туристер ағылып келіп, сауда айналымын еселеп арттыруға септігін тигізді. Жүйені іске қосу арқылы Қазақстанға жылына 300 мың турист тарту жоспарлануда. Одан түсетін пайданы 2025 жылға дейінгі 198 млрд жеткізу көзделіп отыр.