Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекеттік орталық музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік шеруі» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылып, Мемлекеттік орталық музей директоры, профессор Нұрсан Әлімбайдың құттықтау сөзімен жалғасты. Директор барша жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Орталық музейдің жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Сондай-ақ, шеруге арнайы шақыртылған қонақ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабулдинов сөз сөйлеп, өзінің ізгі ниеттерін білдірді.
«Тәуелсіздік шеруі» мерекелік іс-шарасына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы, Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жасұлан» мектебі, Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының музыкалық тобы, «Родина» Корей халқының тобы қатысып, өз өнерлерін жиналған қауымға паш етті. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «Қобыланды» қойылымынан үзінді көрсетті.
Іс-шара аясында ақын Саят Қамшыгер және Әсел Оспан ҚР Тәуелсіздігіне арналған өлеңдерін оқыды. «Тәуелсіздік шеруінің салатанатты ашылуы Орталық музейдің мәжіліс залында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұсынған «Қазақ хандығы» және «Томирис» фильмдерінің көрсетілімімен аяқталды.
Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекеттік орталық музейінде музейдің 30 жылда жеткен жетістіктерімен таныстыратын көрме ашылды.