Бүгін Алматыда Қазақстанның халық қаһарманы, белгілі ұшқыш-ғарышкер Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиын Офицерлер үйінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Марқұммен қоштасу рәсіміне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және өзге қоғам қайраткерлері мен әріптестері, жақындары қатысты.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қаралы жиында сөз сөйлеп, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.

Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың қазасына орай баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Қаралы хабар жеткен бойда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоштасу рәсімін ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Бүгін Астанадан Қорғаныс министрлігі, Аэроғарыш саласының өкілдері және халық қаһармандары Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов арнайы келіп отыр. Бұл - Мемлекет басшылығының Талғат Мұсабаевқа деген ерекше құрметінің белгісі, –деді ол.
Қоштасу жиынында Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те марқұмның ғарыш саласына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Қай жерде жүрсек те, қай ғарыш айлағынан ұшсақ та, қайда кетсек те, біз әрқашан өз кәсібімізге, ғарышқа адал болдық. Өйткені ғарыш бізді біріктірді. Талғат Амангелдіұлы, сен Қазақстан үшін көп іс тындырдың. Сен нағыз патриот едің. Мұны мен де, бүкіл халық та көріп, куә болды. Сен бәрін таза жүрекпен, адал ниетпен жасадың. Ең маңыздысы - сенде әрдайым өзгелерде кездеспейтін идеялар болды. Сол идеяларды іске асыра алдың. Саған соңғы рет қош айтып, отбасыңа, халқыңа мына нәрсені жеткізгім келеді: Қазақстан сені ешқашан ұмытпайды. Сенің атың ел тарихында мәңгілікке жазылды. Жатқан жерің жайлы болсын, қымбатты дос, – деді Тоқтар Әубәкіров.
Сондай-ақ бұрын “Байқоңыр” ғарыш айлағын басқарған, Талғат Мұсабаевпен біраз жыл қызметтес болған белгілі ғалым Мейірбек Молдабеков BAQ.KZ тілшісіне марқұмның жеке қасиеттері жайлы айтып берді.

Ол кісі жүрегінде түгі бар нағыз батыр. Ештеңеден тайсалмайтын. Қандай жағдай болса да шындықты бетке айтатын. Жұмысына толықтай беріліп, қызмет ететін. Өте терең білімді азамат болатын. Отбасында да сүйікті жар, үлгілі әке болды,– деді белгілі ғалым Мейірбек Молдабеков.

Қоштасу рәсімінен кейін 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта қаралы митинг өтті. Марқұм Талғат Мұсабаевтың денесі Кеңсай зиратына жерленеді.



Еске салайық, Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев 4 тамызда өмірден өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімін жоғары деңгейде өткізуге арнайы тапсырма берген.
Сондай-ақ, қазақтың қайсар ұлының еңбекке толы өмір жолына шолу жасалды.