Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Алматылағы BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлық базасында өтті. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған.
Азия ойындарында жақсы нәтижеге жетеміз деген сенімдемін. Тренерлер құрамы мықты. Спортшылардың дайындығы қарқынды деп айта аламын. Осы уақытқа дейін біздің Қазақстан ұлттық құрамасы жарыстардан 75 медаль алды, оның ішінде 15-і алтын. Осы нәтижені Азия ойындарында қайталаймыз деген ойдамыз. Спортшыларға арналған олимпиадалық даярлық орталығы – ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған. Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан, – дейді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Еліміздің спортшылары 30 спорт түрінен 525 атлет апарады. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, қалған үшеуі олимпиадалық емес спорт түрінен қатысады.
Дайындығымыз өте жақсы, қарқынды деп айта аламын. Мен Азия ойындарына бірінші рет қатыспақпын. Азия чемпионатының екі рет күміс жүлдесін иелендім. Ал Азия ойындарына бірінші рет аттанып жатырмын. Барлық спортшыда қобалжу болатыны секілді мен де аздап уайымдап отырмын. Дегенмен қарсыластарымының барлығын білемін. Басты қарсыластарым – кеше ғана Азия чемпионы атанған жапон қызы мен моңғол қызы. Жапон қызымен финалда белдесеміз, ал моңғол қызымен жартылай финалда күресеміз деп ойлап отырмын. Техникалық, тактикалық дайындығымды 100%-ға бағалаймын.Көрермендерді жеңісіммен қуантамын деген сенімдемін, - дейді қыздар арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері Абиба Абужақынова.
Айта кетейік, алдағы додада спорттың 8 түрінен – бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетика – Париж Олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады.
Сондай-ақ спорттың 4 түрінен – таеквондо, дзюдо, триатлон, бадминтоннан – рейтингтік ұпайлар ойынына қатысады.