Сотталғандар арасында «Үміт-2021» байқауы өтті

22 Қазан 2021, 19:55
2461
Бөлісу:
Сотталғандар арасында «Үміт-2021» байқауы өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жылдағы дәстүр бойынша сотталғандар арасында «Үміт» байқауы өтті.

Сотталғандар бұл байқауда екі аталым бойынша, атап айтқанда қолөнер бұйымдарын жасау және сурет өнері бойынша сайысқа түсті. 

Байқау аясында сотталғандар арасында да мықты шеберлер мен суретшілер бар екенін анықтады. Атап айтқанда қолөнер бұйымдары бойынша ЛА-155/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан А. есімді жасөспірімнің қолынан шыққан судың екпінімен қозғалысқа түсетін «Эксковатор» әділқазылар алқасының әділ бағасына ие болып, бірінші орынды иеленді. Шприц пен суды, гуашты қолданған шебердің өнері оның болашағынан зор үміт күттіретін мамандық иесі болатынына деген сенімді күшейтті.

Сурет өнері бойынша жүлделі орынға ЛА-155/18 мекемесінен сотталған С-ның салған «Гармония» атты картинасы ие болды. Бұл сүретке қараған адам өзіне таныс қаншама бедерді көргенімен, суретшінің шеберлігі арқасында олардың барлығы бір шеңберде үйлесім таба алған. Ал анықтап қарап, санаңызбен салмақтайтын болсаңыз бұл суреттен ананың да, махаббаттың да, бостандық пен сенімнің де суретін көресіз. Бұл көрмеге сотталған С.-ның бұдан басқа да «Менің жаным», «Менің арманым – Алыс» атты суреттері де қойылды.

Сотталғандар арасында өткен «Үміт-2021» байқауының мақсаты – сотталғандарды табиғаттың кереметін сезіне алуға, өнердің тылсымын түсінуге, олардың эстетикалық түсінігін қалыптастырып, айналасындағы сұлулыққа деген құштарлығын арттыруға тәрбиелеу. Конкурс жеңімпаздарына белгіленген ақшадай сыйлық, олардың жеке шоттарына аударылады,-деді әділқазылар алқасына төрелік еткен Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Д. Қанатбеков.

Сонымен қатар жеңімпаз сотталғандар департамент басшылығы тарапынан Мақтау грамоталарына ие болды.

Өзгелердің жаңалығы