Алматыда сотталған жастарды қоғамға бейімдеу жобасы іске асырылып жатыр

25 Ақпан 2022, 16:00
2318
Бөлісу:
Алматыда сотталған жастарды қоғамға бейімдеу жобасы іске асырылып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда абақтыдан шыққан жастардың қоғамға бейімделу мәселелерін шешуге бағытталған жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобаны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «QAZAQSTAN JASTARY» қоры іске асыруда.

Jas Otan Алматы қалалық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыровтың айтуынша, сотталған жастардың қоғамға бірден енуі қиындау. Оларды көп жерде жұмысқа алмайды, кейбірі бұрын кредит алып төлемегендіктен төлем карталары бұғатталған.

Ішкі істер министрлігінде түрмеден шыққан жастарды есепке алатын пробациялық қызметтер бар. Кейібірінің жазасы жеңілдетілдіп, шартты жазаға ауысқан. Міне, солар күнделікті сол жерге барып есеп беріп отырады. Мұндай жастар бостандыққа шыққанымен өздерін басқаша сезінеді. Біз соларды әлеуметтендіруге көмектесеміз,-дейді ол.

Аталған жоба аясында заңгер, психологтар түрлі тренингтер өткізеді. Оған қоса заңды кеңестер беріп, олардың жұмысқа тұруына көмектеседі.

Алматыда сотталған жастарды қоғамға бейімдеу жобасы іске асырылып жатыр

Көпшілігінің кредитін уақытылы төлемегендіктен карталары бұғатталған. Яғни, жұмысқа тұрса картамен жалақы ала алмайды. Осы тұрғыда біз тегін консультациялық кеңестер береміз. Оған қоса мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды түсіндіреміз. Ол үй алу, жұмысқа орналасу және тағы басқа. Қаладағы Жұмыспен қамту орталығымен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Олар сотталған азаматтар жұмыс істей алатын бос жұмыс орындары жайлы мағлұмат беріп отырады. Сондай-ақ осы азматтар үшін арнайы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз,-дейді  Бекқайыров.

Оның айтуынша, кейбір мекемелер сотталған азматтарды жұмысқа алуға міндетті көрінеді. Алайда, ондай жұмыстар сотталып келген азаматтардың көңілінен шықпай жататын кездері де болады екен.

Былтыр қаладағы магнум сауда орнына сегіз азаматты жұмысқа орналастырдық. Дегенмен жұмысқа орналастыру процесі қиын. Мәселен, жұмыс түрі азаматтарға ұнамауы мүмкін, кей жағдайда жұмыс берушіге бұл адамдар ұнамай қалады. Кейбірі бүгін жұмысқа кіріп, келесі күні шықпай қойып жатады. Соған қарамастан биыл 50-ге жуық азаматты жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз. Егер жүйелі жұмыс істесек, нәтижесі де жақсы болады,-дейді ол.

Жоба аясында қиын жағдайда қалған осындай азаматтар үшін арнайы Call-орталық ашылған. Оған мына телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады: 8 (727) 278 0744, 8 (707) 715 2735.
 

Өзгелердің жаңалығы