Алматы қаласында Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Оның аясында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен майдангерлер, белгілі қаламгерлер мен көрнекті тұлғалар жерленген Кеңсай зиратын тазарту және абаттандыру бойынша жастар акциясы өтіп жатыр.
Бұл зиратта екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы және тағы басқалары жерленген.
Акцияға шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері, жастар және волонтерлік ұйымдар қатысты. Олар аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, зират маңын ретке келтіріп, гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара өткенге тағзым етіп, майдангерлердің рухына құрмет көрсетіп, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған.