Астана, BAQ.KZ. Алматы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий 34 жастағы сотталушы Ілияс Карды 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім етті. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Сондай-ақ, оған 7 жыл көлік жүргізуге тыйым салынды.
Мемлекеттік айыптаушы Ілияс Карды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 29 желтоқсанда болды. Абай және Сейфуллин көшелерінің қиылысында Mersedes Gelаndеwagen мен Mitsubishi Galant көліктері соқтығысқан. Бірінші көлік бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жол апатынан 3 адам - Mitsubishi Galant жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды. Олардың арасында белгілі актриса Шолпан Елгезек бар. Кейін белгілі болғандай, 34 жастағы Gelаndеwagen жүргізушісі көлігін мас күйінде жүргізген.
Mercedes Gelandewagen жүргізушісі, 1985 жылғы Ілияс Кар сот алдында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-інші және 347-баптары бойынша жауап берді.
Айта кетейік, аталған жол апатынан аман қалған жалғыз жолаушы - актриса Айзада Сатыбалдиева қабырғалары сынып, ауыр халде ауруханаға түскен болатын. Екі аптадан соң актрисаның жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.