9 қазан кешкісін Алматыдағы Абай даңғылында электрсамокат қатысқан оқиға болып, соның салдарынан бала жарақат алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, қыз балаға екі адам мінген самокат соғылып, оның аяғы жарақаттанған. Оқиға шамамен сағат 19:00 шамасында болған. Куәгердің бірі жұмыстан қайтып келе жатып, тротуардың оң жағымен жүргенінде қатты жылдамдықпен келе жатқан екі жігіттің самокатпен жаяу жүргіншілерді қаға жаздағанын айтты. Олардың артынан тағы бір самокат, тағы екі адаммен көрініп, көп ұзамай қыз балаға соғылған.
Бұл факті бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеріс бастаған.
Бізде құқықбұзушылардың жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін барлық техникалық құралдар бар, соның ішінде бейнебақылау жүйесі де бар. Түсіну керек нәрсе – оқиға орнынан қашып кету тек жауапсыздық емес, бұл заң бұзушылық. Ал зардап шеккен адамға көмек көрсетпеу – мүлдем орынсыз әрі адамгершілікке жат әрекет, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Еске салайық, Алматыда самокат мінген жігіт өзіне ескерту жасаған ер адамның көзін шығарғаны туралы жазған едік. Сондай-ақ Алматыда жасөспірімдер самокатпен келе жатып, нәрестесі бар арбаны қағып кеткені жайлы да жаздық.