Алматыда «Сағыныш» атты көрме өтті

11 Мамыр 2023, 13:39
1609
Бөлісу:
Алматыда «Сағыныш» атты көрме өтті
PHOTO
Фото: автордан

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Гүлмарал Тәтібаеваның «Сағыныш» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Суретші қазақ әйелдерінің бейнесін әр қилы аша білген. Өз туындыларында қазақ қыздарының ерлігі мен нәзіктігін ұштастырған. Жалпы көрмеде көрермендердің назарына елуден астам туынды ұсынылған. Олардың арасында инсталляция, кескіндеме, графика мен салынған туындыларды көз шалады.

Көрменің дәл ортасында қазақ әйелдерінің шапандарынан жинақталған шатырды байқауға болады.

Алматыда «Сағыныш» атты көрме өтті

Бұл үйдің ішінде қазақы дастархан жайылған. Іші әйелдермен нұрланып, жаңаратынын байқауға болады. Шапандар еліміздің әр өңірінен әкелінді. Әрқайсысы адамның тарихынан, тіршілігінен хабар береді, Кіреберісіне киізбен көрпешелер төселді, – дейді суретші Гүлмарал Тәтібаева.

Сондай-ақ экспозицияда «Great QAMZOL» және «Аңыз» тақырыптық тұжырымдамасымен үндесетін екі инсталляция ұсынылды. Бұл жұмыстарда әйел бейнесі күш пен төзімділіктің иесі ретінде бейнеленген.

Алматыда «Сағыныш» атты көрме өтті

Бұл инсталляцияны жасау үшін мені еңбегімен ерлігімен танылған әйелдер шабыттандырды. Менің жолымда олар кездейсоқ кездескен жоқ деп ойлаймын. Олардан батылдық, биязылық, терең даналық пен жанқиярлық қасиеттерді байқадым. Мен олардың бейнелерін ақ кенептерге түсіргім келді. Қазақ халқында ақ түс, тазалық пен сенімнің түсі. Дәп осы ақ матадан қазақ шеберлері әйелдердің бас киімі – кимешекті тіккен, – дейді Гүлмарал Амангелдіқызы.

Алматыда «Сағыныш» атты көрме өтті

Суретшінің көрмесінен кейін шығармашылығы арқылы ата-бабаларының басына түскен сұрапыл тағдырының тарихын жеткізуге тырысқанын байқауға болады.

Өзгелердің жаңалығы