Алматыда резервте тұрған 30 маманның бірде-біреуі басшылық қызметке тағайындалмаған

Бөлісу:
Алматыда резервте тұрған 30 маманның бірде-біреуі басшылық қызметке тағайындалмаған
Фото: BAQ.KZ архив

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі білім беру сапасын арттыру үшін мектеп менеджментін күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, алайда білім ордаларының басшылығында білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалады.

Министрліктің талдауына сәйкес, мектеп директорларының кәсіби деңгейін арттыру қажет. Қазіргі таңда тек 9%-ы ғана “басшы-көшбасшы” біліктілік санатына ие. Осыған байланысты 2023 жылдан бері “Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы” жобасы іске қосылды. Қазірдің өзінде 583 маман Республикалық кадрлық резервке енгізілген, - деді білім саласының басшысы.

Жоба басталғанына қарамастан, 740 мектепте әлі де директор жоқ, оның 81%-ы ауылдық жерлерге тиесілі.

Әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында мектеп басшыларына сұраныс жоғары. Ал Ақтөбе облысында резервке алынған 12 маманның тек 2-еуі, Шымкентте 23 маманның 3-еуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында резервте тұрған 30 маманның бірде-біреуі басшылық қызметке бекітілмеген. Бұл – жергілікті білім басқармаларының бос орындарды ескере отырып, кадрларды іріктеуде нақты әдістеменің жоқ екенін көрсетеді. Яғни, стратегиялық маңызы зор жоба жүйесіз іске асырылып жатыр, ал біз қазір білім саласында одан да жоғары міндеттерді шешуге тиіспіз, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі мәселе тек жаңа басшыларды даярлауда ғана емес, сонымен қатар барлық мектеп директорларын сапалы менеджмент пен білім беру саласындағы көшбасшылық бағдарламалары бойынша оқытуды ұйымдастыруда болып отыр.

Тек осы жағдайда ғана білім сапасында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізе аламыз, – деді министр.

Еске сала кетейік, бүгін Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Ғани Бейсембаев мектептерге қатысты жасалып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің сынып жетекшілігіне қатысты ойын да айтты.

Өзгелердің жаңалығы