Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда қызға тиіскен 14 жастағы оқушы ұсталды

10 Қыркүйек 2025, 12:32
4266
Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
VIDEO
Фото: видеодан алынған кадр

Алматыда 14 жастағы оқушы көшеде қызға әдепсіз әрекет жасап, полицияға ұсталды. Жасөспірім ішкі есепке алынып, ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде бейтаныс жасөспірімнің көшеде қызға әдепсіз әрекет жасап, артынша оқиға орнынан қашып кеткен сәті түсірілген видео кеңінен таралды.

Бұл жағдай желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырып, құқық қорғау органдарының назарын аударды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құқықбұзушының тұлғасы Түрксіб аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің жедел әрекетімен анықталды. Ол – ауданның 14 жастағы тұрғыны болып шықты.

Құқықбұзушылық дерегі бойынша жасөспірім ішкі мектеп есебіне қойылды, ал оның ата-анасы бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген қалалық ПД хабарламасында.

Іс материалдары Түрксіб ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына берілді. Жасөспіріммен және оның отбасымен психологтың қатысуымен профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Полиция мұндай әрекеттердің, тіпті кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған күннің өзінде, мүлде жол берілмейтінін және әрбір осындай жағдай бойынша заң аясында тәрбиелік әрі алдын алу шаралары қабылданатынын ерекше атап өтті.

Еске салсақ, Алматыда бойжеткенге үйінің қасында тиіскен жігітті полиция іздеп жатқаны жайлы кеше, яғни 9 қыркүйекте хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы