Алматыда қымбат техникалар сақталған қоймада өрт шықты

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

 ТЖМ баспасөз қызметі 21 Шілде 2026, 08:08
21 Шілде 2026, 08:08
219
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан қоймада шыққан өрт жедел сөндіріліп, ішінде сақталған қымбат техникалар мен тауарлық-материалдық құндылықтардың басым бөлігі аман қалды.

ТЖМ мәліметінше, 112 қызметіне Сүйінбай даңғылындағы өрт туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндірушілер құрылыс материалдары сақталған бір қабатты қойманың ашық жалынға оранғанын анықтады.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, қалалық құтқару қызметі, өрт сөндіру пойыздары, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және өзге де жедел қызметтер жұмылдырылды. Үздіксіз су жеткізу үшін ТЖМ-нің өрт сөндіру автопойызы мен «ҚТЖ»-ның өрт сөндіру пойызы тартылды.

Құтқарушылардың үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында өрттің көршілес қоймаларға және жақын маңдағы нысандарға таралуына жол берілмеді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қымбат техникалары мен басқа да материалдық құндылықтарының едәуір бөлігі сақталып қалды.

Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласуды еске салды.

 

Наверх