Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда құрылыс саласында "тазалау" басталды: проблемалық компаниялардың жобалары тоқтатылды

22 Қазан 2025, 19:57
343
Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыда құрылыс саласында тәртіп орнату және азаматтардың құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді. Бұл туралы мегаполис әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әкімдіктің басты басым бағыттарының бірі – құрылыс саласында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету, соның ішінде үлестік қатысу арқылы жүзеге асырылатын жобаларды қатаң бақылауда ұстау.

Біз құрылыс компанияларының қызметін тұрақты түрде мониторингтен өткіземіз, құрылыс нормаларының, мерзімдердің және келісімшарттық міндеттемелердің сақталуын қадағалаймыз. Егер заңбұзушылық анықталса, жедел шаралар қабылданады – нұсқама беріледі, айыппұл салынады, қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстары тоқтатылады, – деді Бейбіт Шаханов.

Әкім орынбасарының айтуынша, ерекше назар алдын ала бақылауға аударылған: жобаны іске асыру басталмай тұрып, барлық жобалық құжаттардың, рұқсаттардың және қаржылық кепілдіктердің бар-жоғы тексеріледі. Бұл үлескерлер үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әкімдік ақпараттық ашықтықты арттыру бойынша да шараларды күшейтті – құрылыс компанияларының тізімі тұрақты түрде жаңартылып, азаматтарға сенімді компанияларды таңдау жөнінде ұсынымдар жарияланып отырады.

Бейбіт Шахановтың айтуынша, бөлек бақылау бағыты мемлекеттік жобаларды жүзеге асырып жатқан мердігер компанияларға қатысты жүргізіледі.

Кейбір тендер жеңіп алған компаниялар өз жауапкершілігін толық сезінбейді. Осындай мердігерлердің кесірінен мектептер, балабақшалар мен денсаулық сақтау нысандарының құрылысы уақытында аяқталмайды. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатыр, – деп атап өтті Шаханов.

Оның айтуынша, 2025 жылы екі компания – «СК 7 Строй» ЖШС мен «AsiaMax» ЖШС құрылыс лицензиясынан айырылған. Ал «СК MEGARON» ЖШС бойынша тексеру жүргізілуде.

Бұдан бөлек, «Құрылысшы-ТБС» ЖШС құрылыс лицензиясының бір тармағынан айырылса, «Алатау сапа құрылыс» ЖШС техникалық қадағалау жүргізу аккредитациясынан айырылды.

Өзгелердің жаңалығы