Президент Орталық Азия елдері мен Ресей Қауіпсіздік кеңестері хатшылары арасындағы кездесулер осы бағыттағы нақты тәсілдер мен шешімдердің қалыптасуына ықпал ететінін айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Гибридті амалдар мен ақпараттық технологияларды қолдана отырып, өңірдегі жағдай тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне жауап берудің нақты механизмін жасақтау қажет, - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халықаралық лаңкестік топтармен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және есірткі бизнесімен күреске ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
Бұл ретте Орталық Азия өңірі бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ақпараттық үйлестіру орталығы сияқты құрылымдар шешуші рөл атқаруы тиіс. Бұл орталықтың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Аймақтық қауіпсіздіктің аталған тәуекелдері Ауғанстандағы жағдаймен тығыз байланысты. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша тиісті қадамдар Алматыда құрылып жатқан БҰҰ аймақтық хабының қызметі аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Жалпы, қазіргі кезеңде ақпарат алмасуды кеңейту және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіруді арттыру бойынша жеке шаралар жеткіліксіз деп ойлаймын. Уақыт сапалы түрде интеграцияланған жаңа тәсілдер қалыптастыруды талап етеді. Осы кездесу оған жақсы негіз болатынына сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірінші кездесу барысында Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары қазіргі халықаралық жағдай мен аймақ елдерінің ұлттық мүдделеріне негізделген ынтымақтастықтың нақты бағыттарын қарастырды.