Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы ТЖД қызметкерлерінің күшімен, арнайы техника және тікұшақтардың көмегімен Жетісу ауданы, Омаров көшесінде орналасқан қоймадағы өрт сөндірілді. Бұл туралы BNews.kz жазды.
Айта кетейік, 200 тонна лак-краска өнімдері сақталған қоймадан өрт шықты деген хабарлама 07:45-те түскен болатын. Бірінші өрт сөндіру қызметінің бригадасы оқиға орнына 07:53-те келіп жетті.
Өртті сөндіруге Алматы қаласы өрт сөндіру қызметінің 27 бірлік техникасы мен 67 қызметкері жұмылдырылды, сондай-ақ «Казавиаспас» АҚ және «Алматы қаласы құтқару қызметінің» су бүркитін құрылғылармен жабдықталған 2 тікұшағы өртті әуеден сөндіруге атсалысты.
Қазіргі уақытта өрт ошағын ауыздықтау үшін шамамен 101 куб.м. су жұмсалып, 36 рет бүркілген.
Өрт кезінде суды үздіксіз беріп тұру үшін коммуналдық қызметтердің 9 су таситын машинасы өрт сөндіру жұмыстарына көмекке келді.
«Өрт сағат 12:14-те толық сөндірілді», - деді Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыдағы өртті сөндіру кезінде өрт лаулап жанып, бірнеше жарылыс болды.