Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы "Зерделі" ықшамауданындағы қисайып кеткен үйдің тұрғындары ТҮҚЖБ-ге несиені қайта құрылымдау өтінішімен келген жоқ.
Бұл туралы Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бүгін өткен брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұл үйге 2013 жылы "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша банктің салымшылары орналастырылған.
Қазіргі таңда онда 72 жалға алушы бар. Олардың 19-ы тұрғын үй несиесіне ауысып үлгерді. Бұл жалға алушылардың сатып алу құқығы бар. Ал 47 жалға алушының Тұрғын үй құрылыс банкінде шоты бар және қаржы жинауды жалғастыруда, - дейді ол.
Бұл салымшылардың ең төменгі жинағы 25 мың теңгеден басталады екен, кейбірінікі 150 мыңға дейін барады.
6 жалға алушы баспананы түбегейлі сатып алған. Қазіргі күні бұл үйдің тұрғындары басқа жерге көшірілді. Оларға 3 айға жалға алу құны төленді. Дегенмен, олар несиені қайта құрылымдау өтінішімен бізге келіп көрген жоқ, - деді Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ, ол банк өз клиенттерімен кездесуге және қайта құрылымдау нұсқаларын қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Қазір сараптамалық жұмыстардың жауабын күтіп отырмыз. Ол қаңтардың 15-де шығып қалады деген. Клиенттерде несиені төлеу бойынша кешігу жоқ, - деді ол.
Жақында Алматының "Зерделі" шағын ауданындағы №179 үй тұрғындары тоғыз қабатты үйлерінің қисайғанын айтып, шағымданған болатын.