Алматыда қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 13 млн теңге өтемақы төленеді

11 Мамыр 2023, 00:40
998
Бөлісу:
Алматыда қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 13 млн теңге өтемақы төленеді
Фото: Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі

Өрт сөндіру кезінде қаза тапқан аға өрт сөндіруші-құтқарушы Арслан Құрманбековтің отбасына 60 айлық көлемінде ақшалай қаражат (5 жылға), яғни шамамен 13 млн теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға және қаза тапқан қызметкердің мұрагерлері туралы тармаққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Сонымен қатар, жерлеу рәсімінің шығыны – 600 мың теңге көлемінде қосымша өтемақы төленетін болады. Жерлеу рәсіміне арналған барлық шығынды Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өз мойнына алды.

Төтенше жағдайлар министрлігі ҚР Президенті Әкімшілігіне қызмет бабында қаза тапқан өрт сөндіруші А.Ж. Құрманбековті мемлекеттік наградамен марапаттау туралы ұсыныс енгізді.

Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде А.Ж. Құрманбековтің анасына пәтер бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданды. Өзге де қосымша көмек мәселелері пысықталу үстінде, - деп мәлім етті Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Арслан Құрманбек 7 мамыр күні болған өрт кезінде үстіне ағаш құлап қайтыс болған.

Өзгелердің жаңалығы