Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

23 Сәуір 2019, 09:52
6309
Бөлісу:
Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік орталық музейінде академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақтың ұлы ғалымы» атты көрме өтіп жатыр.

Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме негізінен өсіп келе жатқан жас буынды ғылымға-білімге ынталандыру мақсатында, әрі академиктің өмірімен жақын таныстыруға арналған.

Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

«Көрменің мақсаты – алғашқы қазақ геологы, академик Сәтбаевтың өмір жолы, қайраткерлік қызметімен таныстыру, ғалымның ғылыми мұрасын сақтау, танымалдығын арттыру ҚР МОМ қорындағы құжаттарды, академиктің архивіндегі фотоқұжат, заттық деректерді көпшілік назарына ұсыну. Бұл көрме бірінші рет өтіп отырған жоқ. Біз академиктің 100 жылдығында және 110 жылдығында да өткізген едік. Көрмені Қ.И. Сәтбаевтың архивімен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Биылғы көрмеге фото және архивті құжаттар, сонымен қатар ғалымның өзі тұтынған заттар қойылып отыр. Оның кітаптары және өзге ғалымдарға жазған хаттары да көрмеден орын тапты», - деді аталған музейдің Қазақстан тарихын зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Гүлсара Жапақова.

 «Көрме экспозициясы «Өмір жолын таңдау», «Ғалым-геолог», Академик Қаныш Сәтбаев – ҚазКСР Ғылым академиясының негізін қалаушы», «Мұра» атты төрт тараудан тұрады. 

Бірінші тарау Қ.И. Сәтбаевтың өмірбаянына арналған. Фотоқұжаттар тұлғаның балалық шағынан, Семейдегі мұғалімдер семинариясында білім алған кезінен, ұстаздық қызметі және Томск технологиялық университетіндегі студенттік өмірінен сыр шертеді. Екінші тарау Қаныш Сәтбаевтың ғылыми-тәжірибелік жұмысымен таныстырады. Фотоқұжат, заттық деректер инженер-геолог, бөлім басшысы, Атбасар және Қарсақпай геологиялық трестерінің бас инженерінің күнделікті атқарған қызметін ашып көрсетуге бағытталған. Үшінші тарау 1944 жылғы Қазақ КСР ҒА құру туралы үкімет қаулысының қабылдануы Қ.И. Сәтбаевтың тікелей атсалысуымен жүзеге асқындығын көрсетеді. Ал, «Мұра» атты төртінші бөлім ғалымның ғылыми туындыларымен танысуға арналған.

Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

«Қ.И. Сәтбаев Жезқазған мыс және Байқоңыр көмір кені орнында алғашқы тұрақты геологиялық барлау жұмысын ұйымдастырып іске асырды. Ол бүкіл Жезқазған-Ұлытау ауданындағы пайдалы кен орындарының қорын жоспарлы түрде анықтау ісін жолға қойып, әлемдегі үш ірі мыс кені орындарының бірі – Ұлытау-Жезқазған мыс кені көзін ашты», - деді Гүлсара Жапақова.

Сонымен қатар, көрме экспозициясында көпшілік назарына ғалымның еңбектері, қайта басылған «Алгебра оқулығы», ҚР МОМ қорында сақталған жеке заттары, марапат белгілері, құжаттары, шығармалары, кәдесый және академиктің архивінен алынған материалдар ұсынылды.

Аталған көрме маусымның 1-не дейін жалғасады.


Өзгелердің жаңалығы