Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда қаншама ғимарат бүлінді. Отқа оранған әкімдік ғимараты секілді бірқатар нысандар әлі де жөнделіп жатыр. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі наразылық өткен алаң маңына барып, ғимараттардың қазіргі келбетін фотоға түсіріп алды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 8 қаладағы мемлекеттік органдардың 45 ғимараты және 306 коммерциялық нысан зардап шекті. Әсіресе, Алматы қаласында бірнеше нысан отқа оранды, қирады.
Биыл қаңтар айының соңында берген басты тапсырмаңызға сәйкес бүгінде «қаңтар» оқиғалары кезінде бүлінген инфрақұрылым толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты өсу траекториясына шықты, қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейі біршама артты, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев мемлекет басшысына.
Қала әкімі зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 миллиард теңге сомасындағы залал өтелді, оның 95%-ті 2022 жылдың 1 маусымына дейін төлемдерін алды. Барлық жеке тұлғаларға 613,5 миллион теңге сомасында мүліктік залал төленді.
Отқа оранған қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ғимараттың сыртын қоршап қойған. Айналасында құрылысқа қажет көлік техникалары бар. Тынымсыз жұмыс істеп жатқан құрылысшыларды көзіміз шалды.
Бүгінгі таңда жұмыстардың жалпы көлемінің 20%-дан астамы орындалды. Оның ішінде ҚР БК талаптарына сәйкес (1.04–110-2017), тірек конструкциялары материалының физикалық-механикалық сипаттамаларын анықтау үшін әкімдік ғимаратына техникалық тексеру жүргізілді. Сондай-ақ, барлық павильондарды бөлшектеу жұмыстарының толық көлемі және шатырдың коррозияға қарсы жабыны аяқталды, - деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қасбеттерді жарлауықпен (травертин) қаптау, сондай-ақ үй-жайларды ішкі әрлеу, кәріз көтергіштерін монтаждау және желдетуді едендік ажырату жүргізіледі.
Инженерлік желілерді монтаждауды орындау, ішкі жұмыстар көлемін аяқтау қажет. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы президенттік қызметтік резиденциясы да өртенді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттың сүрілетінін, оның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынатынын мәлімдеді. Қаржы министрлігі ғимаратты бұзуға кететін шығын көлемін 6 миллиард теңгеге бағалады.
Президент резиденциясы астанаға ауысқаннан кейін ғимаратта ешкім отырмаған. Бұл нысан тарихи-мәдени ескерткіш болып саналады.
Резиденция ғимаратын сақтап қалып, қалпына келтіруге болмай ма дегендер болды. Қазақстан президентінің іс басқармасы ғимараттың бірінші қабатында автомобиль жарылып, өртенгенін, өрт жалыны көкке шарпып, жоғары қабаттардағы темір құрылымдарды ерітіп жібергенін хабарлады.
Тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйеге зиян келген. Ең қауіптісі сол, екінші қабаттағы тіреуіш құрылым бұзылды. Бұл факт ғимараттың одан әрі қолданылуына күмән тудырады, - делінген ресми хабарламада.
Қазір ғимарат сүрілген. Орнында ештеңе қалмаған. Кіретін жері ғана тұр. Онда да беті жасыл материалмен жабылған. Нысан сырты қоршалған.
Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік маңайындағы хабар тарататын телеарналар мен радиолардың ғимараттары да айтарлықтай зардап шекті.
Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы “Республика” бизнес орталығында орналасқан бірнеше нысан бүлінді. Ол жерде “Евразия” мен “Мир” арналары мен бірқатар радиолар орналасқан.
Ғимарат сырты матамен жабылған. Жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.
Қаңтар оқиғасында есігі шағылған нысан әлі жөнделмегенін көруге болады.
Кейбір нысандардың жөндеуі енді басталады.
Республика алаңындағы дәл осы ғимаратқа ұқсас нысанның толық жөнделгенін көзіміз шалды. Мұндағы RBK банкінің бас кеңсесі Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен еді. Алты қабаттың үшеуі жанып кетті.
Желтоқан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы Qazaqstan телеарнасының филиалы да қаңтарда отқа оранды. Қазақ телевизиясының тарихи ғимараты түгел дерлік жанып кетті.
Ғимарат толық сүрілді. Мұнда "Қазақстан" ТРК-дан басқа, "Хабар" арнасының алматылық корпункті жұмыс істеген.
Алматы әкімі Ерболат Досаев ғимарат орнында заманауи медиа орталықтың құрылысы басталатынын, оны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді.
Құрылыс аумағы қоршалған. Сыртынан Qazaqstan деген жазу бар заманауи ғимарат жобасын көруге болады.
Qazaqstan телеарнасының қызметкерлері осы нысанда отыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде азық-түлік дүкендері, азық-түлік емес дүкендері, қару-жарақ дүкендері, қоғамдық тамақтану нысандары, ломбардтар, банктер, жанармай құю станциялары, қаржы ұйымдары, сауда және ойын-сауық орталықтары, ірі бизнес нысандары қирады, бүлінді. Олардың барлығы дерлік қалпына келтірілді.
Бірақ та зардап шеккен Абай даңғылындағы PROMENADE сауда ойын-сауық орталығы әлі ашылған жоқ.
Сыртында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деген ақпарат жазылған.
Мысалы, Mon Amie сауда нүктелерінің он дүкені зардап шекті. Соның бірі Орталық стадион маңында орналасқан дүкен.
Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың соңына дейін адамдар көп жиналатын орындарға 3 050 бейнекамера орнатылады. Ерболат Досаев қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге биыл қосымша 16,8 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді.