Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда полицейлер әйелді босандырып алды

Нұрқанат Атажан
25 Шілде 2025, 13:02
1054
Бөлісу:
 видеодан скриншот
VIDEO
Фото: видеодан скриншот

Алматыда полиция қызметкерлері жолда толғағы басталып кеткен әйелге шұғыл көмек көрсетті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға қаланың бір патрульдік бағыты барысында орын алды. "Боран-205" экипажына бірнеше әйел жүгініп, толғағы басталған көршісіне көмектесуін сұраған. Жағдайдың шұғыл екенін ескеріп, патрульдік полицейлер әйелді жақын маңдағы перзентханаға дереу жеткізу туралы шешім қабылдады.

Алайда медициналық мекемеге жетіп үлгермеген әйел көліктің ішінде босана бастады. Жағдайды бағалаған инспекторлар Данияр Сағынбаев пен Бекжан Әлкен өз бетімен әрекет етуге шешім қабылдады.

Біз дереу әрекет ету керектігін түсіндік. Уайымдауға немесе ойлануға уақыт болмады. Әйелге қолдау көрсетіп, сабырлы болуға тырыстық. Бәрі өте тез өтті. Бәрі жақсы аяқталғанына қуаныштымын, - деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының инспекторы Данияр Сағынбаев.

Жедел жәрдем келген соң анасы мен нәресте медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Біз дәрігер емеспіз, бірақ көмектесуіміз керек екенін түсіндік. Әйел өте батылдық танытты. Мұндай жағдайлар полицейдің жұмысы тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету емес, кез келген сәтте көмек көрсетуге дайын болу керектігін көрсетеді, - деп атап өтті Бекжан Әлкен.

Патрульдік полиция полкінің командирі Қуаныш Сатаев қызметкерлерге жанкештілігі мен кәсібилігі үшін алғыс білдірді. Ол мұндай оқиғалар полиция қызметкерлерінің адамгершілікке, кәсібилікке және кез келген жағдайда әрекет етуге дайын болуына назар аударатынын айтты.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, ана мен жаңа туған сәбидің жағдайы қанағаттанарлық. Жақын арада сәбилі болған отбасыға полиция басқармасы басшылығы мен жеке құрамының атынан құттықтау жолданады.

Бұған дейін Ұлттық ұлан сарбаздары талып қалған жасөспірім балаға жедел көмек көрсеткені туралы да хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы