Жылжымайтын мүлік саласының мамандары Алматыда арзан пәтер табу әбден мүмкін екенін айтады. Тек іздеу қосымшаларында дұрыс сүзгілерді орната білсеңіз жеткілікті. Қала ішінде 100 мың теңгеге де лайықты пәтер жалға алуға болады. Бірақ неге көңіл бөлу керек және жалған делдалдарға қалай алданып қалмауға болады? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.
Алматыда пәтер жалдау ерекшеліктері
Алматы – елдегі ең қымбат қала, сондықтан мұндағы тұрғын үй бағасы да жоғары. Алайда бірнеше қарапайым тәсілді білсеңіз, жалдау ақысын аздап үнемдеуге болады. Алдымен өзіңізге маңызды нәрселерді тізіп алыңыз да, немен ымыраға келуге болатынын анықтаңыз.
Орналасқан жерін анықтау
Өзіңізге ыңғайлы, күнделікті жолыңызға жақын аудан таңдаңыз. Қаланың шет жағындағы үйлер, әдетте, арзан болады, бірақ жұмысқа қатынауға көп уақыт және ақша жұмсайсыз. Ал фрилансерлер мен қашықтан жұмыс істейтіндер үшін бұл ең тиімді нұсқа.
Бағаға бірінші кезекте орналасқан жер әсер етеді. Қала орталығына немесе метроға жақын болса – жалдау құны 20–25%-ға дейін жоғары, – дейді жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Димаш Есенғали.
Инфрақұрылымды тексеру
Картадан жақын маңда дүкендер, дәріханалар, емханалар, метро немесе автобус аялдамалары бар-жоғын қараңыз. Балалары барлар балабақша мен мектепке дейінгі жолды бағалайды, ал студенттер оқу орнына қатынаудың ыңғайлылығын тексеруі керек.
Неден үнемдеуге болады
Кейбір жастар 2–3 адам бірігіп пәтер жалдайды.
Мұндайды үй иелері онша ұната бермейді. Тамыз айында студенттер қайтқанда баға 10-15%-ға дейін өседі – тек орталықта емес, – дейді Димаш Есенғали.
Пәтер таңдағанда “кеңдігіне емес, жайлылығына” ақы төлеңіз. Үлкен пәтер қымбатқа түседі, сондықтан ықшам тұрғын үй қарастырған тиімді.
Жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер ескі үйлерге қарағанда қымбатырақ, себебі жөндеуі мен жиһазы жаңа. Коммуналдық төлемдер де жоғары болуы мүмкін.
Төменгі және жоғарғы қабаттағы пәтерлер сәл арзан, бірақ балалармен тұратындар үшін бұл ыңғайсыз. Электр қуаты өшсе, лифт істемей қалады.
Жиһазы бар пәтер қымбатырақ, бірақ жиһазсыз пәтерге қоныстану да қосымша шығын әкеледі.
Кейде дизайн да бағаға әсер етеді, кейбір жиһазсыз, бірақ сәнді пәтерлер қарапайым пәтерлерден қымбат болуы мүмкін.
Қала қонақтары, әсіресе шетелдіктер, тауға қараған жоғары қабаттарды таңдайды, – дейді Димаш Есенғали.
Баға деңгейі
Ескі кеңестік үйлердегі пәтерлер айына 70 мың теңгеден басталады, ал люкс кешендерде 1 миллион теңгеден жоғары.
Орташа бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлердің жалдау құны 150–400 мың теңге шамасында.
Алаяқтардан сақ болыңыз
Пәтерді иесінен тікелей жалдау тиімді, бірақ құжаттарды мұқият тексеріңіз.
Көбіне алаяқтар алдын ала төлем сұрайды, мұны ешқашан жасамаңыз! Олар асықтырып, “пәтерге көп кезек бар” деп сендіреді, кейде жалған фото мен видео жібереді, – дейді Димаш Есенғали.
Сарапшылар кеңесі
Мамандардың айтуынша, ең қауіпсіз жол – ірі агенттік риелторлары арқылы жалдау. Бірақ олардың қызметі айлық жалдау ақысының 10-30%-ына дейін болуы мүмкін.
Риелторлар тексерілген пәтер иелерімен жұмыс істейді. Біз “2-нысан” анықтамасын алып, пәтердің расында иесінің атында екеніне көз жеткіземіз. Сенімхат арқылы берілетін үйлер де мұқият тексеріледі, – дейді Димаш Есенғали.
Қорытындылай келе, мамандар Алматыда пәтерді тиімді және қауіпсіз жалға алу үшін бастысы – асықпау, ұсыныстарды мұқият тексеру және күмәнді төмен бағаларға сенбеу керектігін айтады.