Алматы, BAQ.KZ. Алматыда пәтер тонаумен айналысып келген топ ұсталды. Бұл туралы Алматы Полиция департаменті хабарлады.
Криминалдық полиция, Наурызбай аудандық Полиция басқармасы мен полицияның арнайы жасақтарының жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топ ұсталды.
Қаскөйлер Шұғыла ықшам ауданында жасаған соңғы “іс” кезінде пәтерден алтын бұйымдар жоғалып кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 250 мың теңгені құрады. Күдіктілер қылмыс орнында ұсталды. Олар заттай айғақтардан құтылып үлгермеді. Тұтқындау кезінде алтын сақина мен алтын моншақ тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Ұсталғандар – 32 жастағы А.есімді Алматы облысының тумасы, 35 жастағы К.есімді азамат, ШҚО тумасы және 44 жастағы Б.есімді Жамбыл облысының тумасы, бұрын да осыған ұқсас мүліктік қылмыстарды жасағаны үшін сотты болған, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, қылмыстық үштік мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл топтың Наурызбай ауданы аумағында жасалған 6 пәтер тонауына қатысы бар-жоғы анықталуда.