Алматыда жаңа жылдық мерекеде қанша тұрғын петарда мен фейерверктен зардап шеккені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда өткен жаңа жылдық мерекелерде пиротехникалық құралдардан 20 адам зардап шекті. Мұндай статистиканы мегополистің жедел медициналық қызметінің орынбасары Андрей Ложкин РСК-де өткен брифингте айтты.
2025 жылғы 31 желтоқсаннан 2026 жылғы 4 қаңтарға дейін жедел жәрдемге барлығы 11 158 шақырту түсті.
Медициналық қызметкерлер ерекше назарды пиротехниканы қолданудан туындаған жарақаттарға аударды. Биыл мұндай 20 жағдай тіркелді, олардың 11-і балалар арасында. Ең кішкентай зардап шеккен бала – төрт жаста. Он адамды бригада стационарға жеткізді, жеті адам өздері медициналық көмекке жүгінді, ал үш адам жеңіл жарақаттарға байланысты госпитализациядан бас тартты, – деді Ложкин.
Екі науқас ауыр жарақаттанған. Ал қалған зардап шегушілердің саусақтары мен көздерін күйік шалған.
Жедел жәрдемге ең аз шақырту жаңа жыл түні түскен. Ол күні 1900 шақырту болса, бұл орташа тәуліктік көрсеткіштен шамамен 600 аз.
Сондай-ақ, тұрғындар 103 нөміріне келесі себептер бойынша хабарласқан:
- Тыныс алу органдарының аурулары – 22,53%;
- Жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары – 17,28%;
- Жарақаттар мен уланулар – 14,5%.
Еске салайық, бұған дейін мамандар Жаңа жылдық мерекеде фейерверктен қалай сақтану керек екенін айтқан болатын.