Мегаполисте 700-ден астам зейнеткер "Алтын жас" бағдарламасымен жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
2024 жылы 286 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 54%-ы "E-gov" порталы арқылы жүргізілген. Халықты жұмыспен қамтуға келетін болсақ, 2024 жылы 84,7 мың жұмыс орны құрылды. 2024 жылы Еңбек ұтқырлығы орталығына жұмыс іздеп жүрген 69 мың тұрғын жүгінді, оның 50 мыңы жұмыссыз мәртебесін алды. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында жыл ішінде 56 мың адам қатысты, бұл ретте 25,6 мыңнан астам адам тұрақты немесе субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды, — деді Бауыржан Жаубасов.
Халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларының арқасында Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,8% - дан 4,6% - ға дейін төмендеді. 2025 жылы кемінде 76 мың жұмыс орнын, оның ішінде 67,5 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып жатыр.
2024 жылы Алматыда зейнеткерлердің жалақысын жергілікті бюджеттен ең төменгі жалақы мөлшерінде субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыру үшін "Алтын жас" бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама 700-ден астам адамды қамтыды, 2025 жылы 1000 зейнеткерді қолдау жоспарланып отыр,- деді Бауыржан Жаубасов.
Сонымен қатар, 2025 жылдан 2030 жылға дейін іске асырылатын және бірінші жылы 300 адамды қамтитын жұмыс орнында мүгедектігі бар адамдарды алып жүру және бейімдеу үшін "JOBCOACH" жобасы басталған.