Алматыда оқушыларды "чушпан" деген ата-ана дауға қалды

29 Желтоқсан 2023, 15:41
3086
Бөлісу:
Алматыда оқушыларды "чушпан" деген ата-ана дауға қалды

Алматыдағы мектептердің бірінде ата-ана жаңа жылдық кеште жанжал шығарды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі

Оқиға 27 желтоқсан күні №28 мектеп-лицейінде болған. Ата-аналардың бірі жоғары сынып оқушыларының кіші сынып оқушыларына ұйымдастырған жаңа жылдық кешін ұнатпаған. Сосын өз наразылығын балаларды балағаттау арқылы жеткізген.

Шырша бастауыш сынып оқушыларына арналған. Аталған шараға бірінші сынып оқушыларының бірінің анасы қатысты. Шараны орта мектептің оқушылары тегін ұйымдастырды. Мерекелік іс-шараны ата-аналардың бірі ұнатпады. Ол балаларды сынап, дөрекі сөйлей бастады. Оқушыларға айқайлап, бірнеше мәрте балағаттады. Оқушылардың бірі күзетшіден оны мектептен шығарып жіберуді сұраған кезде оқушыны "чушпан" деп атап жүгіріп шығып кеткен”, - деп бөлісті мектеп оқушылары Instagram желісінде.

Аталған жағдайға Алматы қалалық білім басқармасы түсініктеме берді.

Жаңа жылдық іс-шара кесте бойынша 1-4 сыныптар үшін өткізілді, мереке мектеп әкімшілігінің басшылығымен жоғары сынып оқушыларының күшімен ұйымдастырылған. Ата-аналарды мерекеге кіргізбеген. Алайда кейбір ата-аналар балаларының киімін ауыстыратынын айтып, сынып жетекшілерден ішке сұранып кірген. 1-сынып оқушысының анасы Б.Ш. баласының киімін ауыстырып, онымен бірге залға кірген. Мереке біткен кезде Б.Ш. оқушыларға жақындап, өзінің наразылығын білдіріп, айғайлап, балағаттаған. Мектеп әкімшілігі оқушыларды қорғауға тырысып, соңында полиция шақырылды, - дейді Алматы қалалық білім басқармасы.

Учаскелік инспектор ата-анаға қатысты әкімшілік шара қолдану туралы Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына хаттама жасап, ұжымдық арыз жазды.

Қазіргі таңда Медеу аудандық ішкі істер басқармасында Б.Ш.-ға қатысты әкімшілік іс қаралып жатыр. Зардап шеккен оқушылардың ата-аналары кінәлі жазасыз қалуы мүмкін деп қауіптенуде. Сол себепті видео әлеуметтік желіде жарияланды. Қазіргі уақытта барлық оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында сынып жетекшілерімен, күзетшілермен, директор орынбасарларымен әңгіме жүргізілді, - деп толықтырды Алматы қалалық білім басқармасы.

Өзгелердің жаңалығы