Бостандық ауданында бір топ жасөспірім құрдасын ұрып-соғып, тепкінің астына алған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода оқушы қыздың бетінен ұрып, шашынан жұлғанын көруге болады.
Белгілі болғандай, төбелеске қатысушылардың бірі бұрын арнайы мектепте оқып, жағымсыз мінез-құлқы үшін оқудан шығарылған.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қақтығысқа қатысушылардың барлығы анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың әрқайсысының іс-әрекетіне тергеу арқылы құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданылатын болады. Сонымен қатар, оқиғаға қатысушылардың ата-аналары балаларын тәрбиелеуде өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция департаментінің мәліметінше, төбелеске қатысушылардың барлығы мектептің ішкі есебіне алынған.
Жасөспірімдер оқитын жалпы білім беру ұйымдарының әкімшілігіне қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар жіберілді. Оқиғаға қатысушылардың барлығы мектептің ішкі есебіне алынды. Сондай-ақ, қылмыстық іс бойынша әрбір құқықбұзушыға қатысты материалдар Бостандық ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралатын болады, - деді Салтанат Әзірбек.