Желіде Бостандық ауданындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелінің жаңартылуына наразылық айтылған жазба тарады, деп Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қаладағы кейбір аудандарда тұрғындар әлі күнге дейін дұрыс жолға жете алмай отырғанда, мердігерлер көпірдің бүтін қаптамасын алып тастай бастады. Одан да плиткаларды бүлдірмей, ұқыптап шешіп алатын мұқтаж жандарға бергені дұрыс болар еді, – делінген жазбада.
Пікір жазған қала тұрғындары жазба авторын қолдап, наразылақтарын білдірген.
Аталған мәселе жайлы Алматы қаласы әкімдігі BAQ.KZ тілшісіне жауап берді.
Әкімдік мәліметінше, ауданында 7 жерүсті және 12 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан.
Тексеру нәтижесінде олардың көбінің қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталды: су ағуы, баспалдақ марштарының зақымдануы, бейнебақылау және жарықтандыру жүйелерінің істен шығуы, қабырғаларда ішінара механикалық зақымданулар және т.б. байқалады. Сонымен қатар аталған нысандардың қазіргі жағдайына байланысты аудан әкімі аппаратына тұрғындар тарапынан бірнеше рет өтініштер түскен. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің соңғы күрделі жөндеуі 2018 жылы жүргізілген, – деп жауап берді әкімдікте.
2024 жылы мердігер ұйым – «Улмад» ЖШС аудан аумағында орналасқан жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірледі. Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысындағы өткел жөнделетін нысандар тізіміне енгізілген.
Жаяу жүргіншілер өткелдерін күрделі жөндеу жобасы бөлінген қаржы көлеміне қарай екі кезеңде жүзеге асырылады:
- 2025 жылы — 10 өткел жөнделеді, оның ішінде Әл-Фараби даңғылы – Жароков көшесіндегі жерасты өткелі бар;
- 2026 жылы — қалған 7 өткел жөнделеді.
Әкімдік өкілдері гранит плиталарын бөлшектеу мәселесіне келсек, аталған гранит плиталар арнайы желіммен орнатылған, сондықтан бөлшектеу жұмыстары кезінде, өкінішке қарай, зақымдануларға жол бермеу мүмкін емес екенін айтты. Жұмыстың аяқталуы 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған.