Алматы, BAQ.KZ. Бүгін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Мен әлемді танимын» атты бастауыш сынып оқушыларының қалалық байқауы өтті. Бұл туралы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы мәлімдеді.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде аталған институт директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Ильдана Халитова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Байқауға ұсынылатын жұмыстың сапасы жылдан-жылға артуда, оқушылардың білім, әлемді тануға деген құлшынысы, ынтасы бізді қуантып отыр», - деді ол.
Аталған байқауға Алматы қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінің 1-4 сынып оқушылары қатысты, сонымен қатар «Тірі табиғат», «Мен және менің әлемім», «Математика, ғылым, техника» аталымдары бойынша байқаудың аудандық кезеңінде 1-орынды иеленген 50 зерттеу жұмысы тапсырылған, жалпы 54 жұмыс қатысты.
Зерттеу және жобамен жұмыс жасау әдісін қолдану арқылы бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, бастауыш сынып оқушыларының ғылыми-зерттеу, танымдық іс-әрекетке қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған конкурс жұмысына жоғары оқу орындарының оқытушылары, білікті мамандар әділқазылық етті.
Балдырғандарға осындай мүмкіндік жасап, сынақтарда қабілетін ашып, ғылымның биік асуларына жол сілтеу үшін ұйымдастырылған бұл байқау осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Байқау барысында жүлдегерлер анықталып, әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапаттады. Конкурс жеңімпаздарын дайындаған педагогтарға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Құрмет грамоталары салтанатты түрде табыс етілді.
Оқушылардың шығармашылық бәсекеге қабілеттік мәдениетін қалыптастыруға ықпалы зор бұл дәстүрлі іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылардың үздік жұмыстары енгізілген материалдар жинағының электрондық нұсқасы дайындалады.