Жаңартылған ХҚКО-да жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз және кеңсе техникасы ауыстырылған. Әр аймақ әртүрлі түске бөлінген. Тіпті, ортаңғы бөлігінде азаматтардың смартфондар арқылы қызмет алуына мүмкіндік жасалған. Біз де осы қызметті пайдаланып, қажетті құжаттарды шығарып алдық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мұнда тұрғындарға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. ХҚКО арнайы бірнеше секторларға бөлінген. Мәселен, байланыс аймағында клиенттер қызметтерді өз бетінше ала алады. Жылдамдық аймағында азаматтар қызметтерді 10 минут ішінде ала алады.
Жыл сайын біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңарту мақсатында көптеген заманауи жобаларды енгізіп, қалыптасқан ескі модельден арылудамыз. Біз Президенттің қаулысы бойынша 2024 жылдың соңына дейін Мемлекеттік корпорацияның 115 фронт-офисін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Біздің басты міндетіміз - азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту. Алматыдағы жаңартылған ХҚКО-да қызмет алушылар мен қызметкерлерге қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған, - деп атап өтті, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.
Жаңартылған ХҚКО-ның ашылу салтанатына ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин қатысты. Еске салайық, ХҚКО мекемесінде әлеуметтік қызметтер көрсету, құжаттарды алуға өтініш қабылдау және дайын құжаттарды беру секторы бар. Кішкентай келушілер үшін ойын залы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға пандус және қызмет көрсету үшін жеке сектор қарастырылған.
Жаңартылған ғимаратты көріп, қуанып жатырмыз. Іші таза, жылдам қызмет көрсетті. Өте ризамын. Мұнда тіпті балаларға арналған аймақ бар. Қарсы бетте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызымет көрсететін орында қарастырылған. Алматы қаласында осындай жаңартылған ХҚКО орталықтары көбейе берсін. Біз зейнет жасына келгендіктен, жаңа технологияларды, құжаттарды алу жоладарын түсіне бермейміз. Осындай орталықтардың көбейгені жұмысты жеңілдетер еді, – дейді Ішмұхаммедова Ләззат есімді қала тұрғыны.
Еске салайық, Алматыда 13 ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейді. Жыл басынан бері қала тұрғындарына бір жарым миллионға жуық қызмет көрсетілді. Жаңартылған ХҚКО-ға күніне 3 мыңға жуық қызмет алушы келеді деп күтілуде.