Алматыда медициналық колледж студенттерін жеке зертханаларда тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бастама зертханалық диагностика саласындағы білікті мамандар тапшылығын азайтуға және студенттердің заманауи технологияларды меңгеруіне бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Алматы қаласындағы білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша салалық кеңесінің төрайымы, «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің мүшесі Эльмира Әуезова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір жеке зертханаларға жаңа талаптарға сай жұмыс істей алатын мамандар қажет. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген заманауи жабдықтарды меңгерген қызметкерлерге сұраныс жоғары.
Мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдар мамандар даярлайды. Алайда бүгінде жеке зертханалар білікті қызметкерлердің жетіспейтінін жиі айтады. Оларға жаңа аппараттармен жұмыс істей алатын, цифрлық технологияларды меңгерген мамандар қажет, – деді Эльмира Әуезова.
Осы мәселе бойынша зертханалық диагностикамен айналысатын жеке медициналық ұйымдар салалық кеңеске жүгінген. Соған байланысты кеңес мүшелері жеке зертханалардың бірінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық колледждерде оқитын студенттерді іріктеп, арнайы даярлықтан өткізу бастамасын ұсынған.
Жоба аясында студенттер зертхана базасында тәжірибеден өтіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді, ақпараттық жүйелер мен цифрлық технологияларды қолдануды үйренеді. Оқу бағдарламасы саланың қазіргі талаптарына сәйкес әзірленбек.
Эльмира Әуезованың сөзінше, тәжірибеден өткен студенттерді кейін сол зертханаларға жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Алайда нақты медициналық ұйымның атауы әзірге жарияланбайды.
Сонымен қатар болашақта зертханашыларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мәселесі де қарастырылып отыр. Кейін бұл бағыттағы даярлықты кеңейтіп, жоғары деңгейдегі мамандарды, соның ішінде дәрігер-зертханашыларды оқытуға көшу жоспарланған.