2026 жылдың басынан бері Алматыда мас күйде жасалған 224 қылмыс тіркелді. Оның 97-сі ауыр дене жарақатын салуға қатысты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған байланысты Алматы қаласы Полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері Алмалы аудандық полициясымен бірлесіп, алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының иелері мен сатушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін сатуды реттейтін заң талаптарын түсіндіріп, оларды бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салуда. Сонымен қатар спирттік ішімдіктерді өткізу қағидаларын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Алматы қаласы ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Қавлиевтің айтуынша, алкогольді шамадан тыс тұтыну ауыр салдарға әкелетін қылмыстардың негізгі себептерінің біріне айналып отыр.
Біздің міндет – салдарымен ғана күресу емес, оның алдын алу. Сондықтан алкоголь өнімдерін сататын сауда нысандарымен профилактикалық жұмыс жүргізу полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді, – деді ол.
Полиция кәсіпкерлермен жүргізілетін мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.