Алматы қаласында әлемге әйгілі виртуоз-скрипкашы Марат Бисенғалиев пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бірлескен кеші өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.
Есімі жаһан жұртшылығына танымал өнер иесінің көнцерті, еліміздің музыка мәдениетіндегі айтулы оқиға болды.
Екі күнге созылған концертіміз өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Құрманғазы оркестрінің ғимараты өнер сүйер көрермен қауымға лық толы болды. Барша көрермендерміздің ыстық ықыласына, өнерге деген сүйіспеншілігіне алғысымызды білдіреміз. Әлемдік деңгейдегі классикалық танымал туындыларды қазақтың халық аспаптарының сүйемелдеуімен орындау, әрі оны тыңдау жүрекке қуаныш, көңілге жылу ұялатады, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепберген.
Концерттің негізгі бағдарламасы классикалық музыкаға арналғанына қарамастан, көрермендер қазақтың ұлттық шығармаларынан үзінділер тыңдады. Концертте көрермендер алғаш рет британдық композиторлар Карл Дженкинс пен джазмен Найджел Хичкоктың сюитасынан микс тыңдады.